Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Мұнда «аға-көке» деген әңгіме жоқ | “Адырна” ұлттық порталы



Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Түрі: Адырна торабы

Жолданған уақыты: 22:30 - 2021/01/21

Нақты Көзі: https://adyrna.kz/post/58337


Мұнда «аға-көке» деген әңгіме жоқ
71

Шет елде оқу үшін байдың баласы болу керек деп ойлаймыз. Сөйтіп, оқуға тапсыруға жүрексінеміз. Біздің ортамызда ондай ойды бұзып, әлемнің ең жақсы деген университеттерінде білім алып жүрген студенттер аз емес. Сондай білімді жастардың бірі – Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі, Венгрияның Hungary Debrecen University-тінің биология мамандығында оқып жатқан Назерке Аманқос. Назерке бұл университетті – толық гранты мен жоғары рейтингіне байланысты таңдаған. Ол шет елдік үздік оқу орнына қалай түскені және ондағы өмірі, қызықтар мен қиындықтары жайлы толыққанды айтып беретін болады.

- Әңгімеміздің барысында өзіңізді таныстыра кетсеңіз. Қайда туып өстіңіз, қайда білім алдыңыз?

- Аманқос Назерке Абайқызымын. Киелі Маңғыстау жерінде, Ақтау қаласында дүниеге келдім. Отбасымызда 5 баламыз. Сол үшін де ашық әрі қарапайыммын. Анам әрдайым бізге дұрыс тәлім-тәрбие беріп, сапалы білім алуымызға себепші болып отырады. Біздің біліміміз үшін ешқашан ештеңе аянып қалған емес. Тіпті, оқушы кездерімде 1 сағаттық ағылшын пәні үшін 5 мың теңге төлеп оқытатын. Себебі бізден үлкен үміт күтеді, бізге сенеді. Ал әкем өте салмақты, мейірімді адам. Ол кісіге дұрыс жүріп-тұруымыз, жақсы нәтижеге жетуіміз маңызды. Өзім Ақтау қаласында химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін тәмәмдадым. 8-сыныпта орта мектептен гимназияға ауысқалы бері, «білім-инемен құдық қазғандай» мәтелінің мағынасын тереңірек түсіне бастадым. Неге 8-сыныптан? Негізінен, Назарбаев мектебі үміткерлерді 7-сыныптан бастап қабылдайды. Бірақ мен тапсырып жатқан жылы мектеп жаңадан ашылған болатын. Сол себепті, барлық сыныптардан өздеріне оқушы қабылдап жатты. Өзге сыныптастарым да сонда оқимыз дегесін, мен де бағымды сынап көру үшін емтихан тапсырдым. Нәтижесінде, «Өркен» грантына иеленіп, мектепке қабылдандым. Әрине, қуанышымда шек болмады. Бірақ уақыт өте келе, оқудың оңай еместігіне көзім жетті. Десе де, қиындықты шетке ысырып, еңбектенуден жалықпадым. НЗМ-да 12 жылдық жүйемен оқыдық. Кейін шет елге оқуға түстім.

-Шет елде оқуға не түрткі болды?

-Біздің мектепте, негізінен шет ел оқуларын жарнамалау өте жақсы дамыған. Әрі, гимназияның өзге оқу орындарына қарағанда артықшылықтары өте көп. Басқа мектептерден өзгешелігі – Кембридж халықаралық оқу жүйесі негізінде білім беруі. Сол себепті, барлық пәнді, кітаптарды тікелей ағылшын тілінде оқыдық. Нәтижесінде, маған ағылшын, биология, химия пәндері өте қатты ұнай бастады. Тіпті, қазақ тіліндегі түсіндірмеден де жеңілірек бола бастады. Осыдан кейін жүрек түкпірімде «шет елде білім алып, еліме өз пайдамды тигізсем ғой» деген арман-мақсат туындады.

-Будапештті таңдауда қандай факторларға мән бердіңіз?

-Әу баста шет елде оқу туралы ұсынысты анама сенімсіздеу кейіпте айтқан сәтімде, «егер гранты мен шәкіртақысы болатын болса, неге оқымасқа?» - деп, маған сенім білдірген болатын. Өзім көп балалы отбасынанмын деп айтып өттім. Үйге, ата-анама ауырлық тудырмас үшін толық гранты мен шәкіртақысы қамтамасыз етілген бағдарламаны іздедім. Соның бірі және бірегейі – Stipendium hungaricum scholarship бағдарламасы болды. Басқа Еуропа елдерінде де гранттар бар, бірақ толық қамтылмаған. Яғни, шәкіртақасыз грант немесе 50 %-дық грант болуы мүмкін. Сол себепті, мен осы бағдарламаны таңдадым.

Венгрия - Еуропаның дәл жүрегінде орналасқан. Бұл дегеніміз – Еуропаның кез келген еліне еш қиындықсыз, арзан бағада бара аласыз деген сөз. Мәселен, Германияға ұшақпен 5000 тг, Францияға – 4500 тг, Венаға – 6000, 7000 теңгеге бара аласыз. Оқуға түскен кезде алған визаңызды, оқу бітіретін уақытыңызға дейін қойып береді, бұл дегеніміз – Еуропаның кез келген еліне визаның мәселелерін ойламай-ақ кете беруіңізге болады деген сөз. Оның үстіне, Еуропа деп үлкейтіп айтқанымызбен, елдері аз ғана аймакты алады. Сол үшін де бір елдің әдемі деген жерлерін көру үшін бір күніңіз де жетіп калады деп ойлаймын, екінші елге автобус не пойызда ұйықтап барып жетіп алсаңыз болады. Сонымен қатар, бұл ел елдің ауа-райы, адамдары, білім деңгейі жайлы ғаламтордан өзге де жақсы пікірлерді оқығасын, дәл осы жерге тапсырғым келетініне әбден сенімді болдым.

-Ондағы халықтың өзге ұлт өкілдеріне, оның ішінде, қазақтарға көзқарасы қандай?

-Бұл мемлекет – шет елдік студенттерді бұрыннан бері оқытып келе жатыр. Әрі, өздеріне өзге елдің студенттерін көбірек тарту мақсатында, студенттерге жақсы жағдай жасап қойған. Көзқарастарына келсек, көбіне үлкен кісілер өзге ұлттарға жайдары көңілмен қарайды деп айта алмаймын. Бәлкім, жастары үлкен болғасын, өзге ұлттарға жатсынып қарайтын шығар?! Әсіресе, мен тұратын Дебрецен қаласында адам саны аз болғаны үшін шет елдіктерге жатсынып қарауы мүмкін. Дегенмен, шаруалары жоқ. Асылы, Будапешт туристтік қала болғасын, кез келген адамды жақсы қарсы алады. Өздері тұратын қаланың туристтік аймаққа айналғанына шын көңілден қуанады.

 -"Өз еліңнің қадірін, шетте жүрсең білесің" дейді ғой. Отанға деген сағынышыңызды сипаттап беріңізші...

-Елің саған қашан да ыстық. Өйткені сені уайымдайтын, сен үшін дұға тілеп, тілекші болатын туған-туыс, дос-жаран, ағайыныңның бәрі сол елде. Ол ғана емес, туған еліңнің тасын да, топырағын да жан-тәніңмен сағынады екенсің. Әрі, үйіңнің тамағын, дәстүрлі тамақты, жылқының етін аңсайсың... Мұнда халал еттер жоқтың қасы десем де болады. Бірақ күш жұмсап, әйтеуір, таба аламыз. Бір өкініштісі, мұнда біз аңсап жүрген жылқы еті мүлдем жоқ. Себебі бұлар жылқыға асыл тұқымды деп қарайды. Сол үшін оны қорек етуге қимайды. Мен басында мұнда келуге қатты асықтым. Бәрі оңай болады деп ойладым. Қайдағы... Мен ойлағандай оңай болмады. Бастапқы кездері жалғызсыраған уақыттарым өте көп болды. Үйренісу, дос табу дегеннің өзі миыңа сәл салмақ түсіреді екен. Бұрын елде болған уақытта ішкенім алдымда, ішпегенім артымда болып, бәрі менің қас-қабағыма қарап жүретін. Ал қазір, ешкім сенің артыңнан жүгірмейді, ешкім қамыңды ойлап, жағдайыңды жасап бермейді. Бірақ оған да үйренісуге болады. Маған ол үшін кемі бір-екі апта қажет болды. Бір айтарым, мен қашан да, қайда жүрсем де елімнің маған берген зор мүмкіндіктерін ұмытпаймын, әрі, оны болашақта мың есе етіп қайтарамын.

 -Будапештке барғанда қандай ерекшеліктер бірден көзге түсті?

-Көшелерде үлкені де, кішісі де темекіні өте көп тұтынады;

Қарт кісілер өте белсенді, спортпен айналысады. Әсіресе, велосипедті көп айдайды. Мұнда ормандар өте көп. Great forest деп аталатын үлкен орманда көп серуендейді;

Мұндағы халық, қаражатты арзан мақтанға жұмсамайды, қымбат үй, қымбат көлік дегендерге қызықпайды. Ақшаны көбіне білімге құйғанды жақсы көреді.

Көліктердің маркалары өте қарапайым, көбіне стандартты көліктер. Әлі күнге дейін аса бір күшті көліктерді байқамадым;

Дүкендердің көпшілігі кешкі 20, 21:00-ге дейін жұмыс істейді, 24 сағат бойы жұмыс істейтін дүкен жоқ;

Демалыс күндері дүкендер мүлде жұмыс істемейді немесе 17.00-ге дейін ғана ашық болады;

Базарда тамақ бағасы арзандау, ол таңертең 06.00-де ашылып, түскі 13.00-де жабылады.

Дебрецен халқының күйбең тіршілігі таңғы 6, 7-ден бастап қайнайды. Ал, кешкі 20,22:00-де адамдарды сирек кездестіресің. 22.00-де шамы жағылып тұрған үйді көре алмайсың;

Суы өте таза, мөлдір. Тіпті, краннан алып іше бересің. Дәмі білінбейді;

Адамдары үнемі жайдары, көтеріңікі көңіл-күймен жүреді. Әсіресе, үлкен кісілер. Ата-әжелер, орта буындағы аға-әпкелер бір-бірінің қолдарынан қысып ұстап, күліп, әңгімелерін айтып кетіп бара жатады. Ондайды елімізде көп көрмегесін, көзім бірден үйренісе қоймады. Кейде сабақтан шаршап, дүкеннен тамақ алып, кассада тұрғанда, қарт кісілер әуре болмаңыз дегеніңе қарамастан, «no madam» -деп, күлімсіреп өткізіп жібереді. Профессорлар да өте мейірімді. Бір де бір профессордың ұрысқанын көрмедім, сабақтарды күліп тұрып түсіндіреді.

 -Карантинге байланысты қандай өзгешеліктер болды? Пандемия кезінде қандай іс-шаралар қолданды? Қаншалықты эффективті болды?

-Наурыздың 15-інен бастап, қатаң талапты карантин орнатылды. Университеттер жабылды. Таңғы сағат 6:00-ден, түскі сағат 12:00-ге дейін тек қана 50-ден асқан кісілер жүре алады. Ал, 12:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жастар ғана шыға алады деген заң бекітілді. Халық та бұл заңды сақтай алды. Белгіленген уақыттарда сыртқа шыққанымызбен, 1,5 метр арақашықтық сақтауымыз қажет болды. Сәл жақындап кетсең, тексеруші немесе адамның өзі ұрысып жіберетін. Егер, қандай да бір адам кешкі 20:00-ден кейін далада жүретін болса, оған 20 мың форинт, теңгеге айналдырғанда, шамамен 30 мың теңгедей айыппұл салатын. Бұл уақыттан бастап, барлық жергілікті полицейлердің жұмысы қызып, тәртіппен қадағаланып отырды.

 -Будапешт университеттеріне қалай оқуға түсуге болады? Түсу кезінде қандай қиындықтар болды? Конкуренция қаншалықты көп? Қазақстандықтардың түсуіне қаншалықты мүмкіндік бар?

-Ең алдымен, ағылшын тілін үйрену керек деп айтар ем. Ағылшын тілін білетін болсаңыз, сіз IELTS емтиханын тапсырып, ондағы көрсеткішіңіз факультетке сәйкес келсе, сертификат арқылы шет елдік оқуларға тапсыра аласыз. Көбі тек алтын белгілер түседі деп ойлайды. Жоқ, олай емес. Мектептегі бағаларыңыз 4 пен 5 болса жеткілікті. Кез келген оқушы сәл қиналып еңбек етер болса, оқуға түсіп кете алады. Адамның миы, потенциалы мен күші бірдей. Өзіме келер болсам, тапсыру барысында ешқандай қиындық көрмедім. Себебі ағылшын тілін жақсы білетінмін. Оған қоса, сұқбатты, математика мен биология пәнінен сынақты да сәтті тапсырып шықтым. Венгрия тарапынан арнайы қазақстандықтар үшін жыл сайын 250 грант бөлінеді. Атап айтар болсам, бакалаврға – 110, магистранттарға – 90, ал қалған 50 грантты докторанттарға деп бекітеді. Мен тапсырған жылы біздің елден 1500-дей оқушы бақ сынады. Соның арасынан 250 оқушы таңдалып алынды. Олардан бөлек, 75 оқушыны резервке бекітті. Венгрия тарапы таңдалынған 250 оқушының ішінен тағы іріктеді. Ал одан өтпей қалғандардарды тізімнен шығарып тастады да резервте тұрған оқушылардың ішінен таңдаулыларын алды. Соңғы жылдары Венгрияға көп оқушы тапсырып, түсіп жатқасын, конкуренция жылдан-жылға артып келеді. Қателеспесем, осы жылдың өзінде 4-6 мыңдай оқушы тапсыруға ниет білдіріпті. Ал, сол мыңдықтардың ішінен тек 250 оқушы, студент қана грантқа түсе алады.

  1. Будапештке барғанда қандай да бір қиындықтар болды ма?

- Әрине, қиындықтың болуы – заңды. Ауа-райына бейімделмейтіндей қиындықтар болған жоқ. Тек өз тобымда жалғыз қазақ мен болғасын, басында үйренісе алмай жүрдім. Бастапқыда, тобымда менен өзге 1-2 қазақ студент болатын шығар деп ойлағам. Бірақ үмітім ақталмады. Сіңісіп кетермін, олар да мен секілді ет пен сүйектен жаратылған адам ғой деп, өзімді жұбатып жүрдім. Расында, уақыт өте келе ортаға бейімделе алдым. Группаластарым да өте жақсы болып шықты. Одан бөлек аса бір қиындықтар болды деп айта алмаймын. Себебі шәкіртақым бәріне жетеді, ата-анама мүлдем салмақ салмаймын, әрі, НЗМ-да халықаралық жүйемен оқығасын, бұл жақтағы бағдарламаға бейімделіп кетудің еш қиындығы болған жоқ.

-Венгриядағы студент айына қанша жұмсайды?

Оқу. Менің кейбір группаластарым жылына 5000 еуро, 2-3 миллион аралығында төлеп оқып жатыр. Мен грантта болғасын, оқуға төлемейтінім белгілі. Оған қоса шәкіртақым да бар. Мендегі шәкіртақы – теңгеге шаққанда 120 мың теңгені құрайды. Бұл бізге Венгрияда бір ай өмір сүруге толық жетеді. Яғни, мен бұл ақшаны тұратын жеріме де, тамағыма да, басқа шығындарыма да еркін жеткізе аламын. Егер жатақханада тұратын болсаңыз, айына 57 250 тг көлемінде шәкіртақы ала аласыз, ал үйде тұратын болсаңыз, 109 650 тг аласыз. Ол тұратын жеріңе де, тамағыңа да, басқа да қажетті шығындарға толық жетеді. Бірақ басқа еуропа елдеріне саяхаттаймын десеңіз, одан бөлек қосымша қаражатыңыз болуы керек.

Күнкөріс. Егер 2-3 студент бірігіп, еуропалық қымбат үйден алғыңыз келсе,  200.000 теңгеден басталады, бұл тек үйді жалдау үшін ғана, ал коммуналдық қызмет (жарық+су+подъезді сырлауға+қоқыс+аула тазалау+жылу) максимум 45.000 тг шығады. Ал қарапайым үй жарайды десеңіз, онда 130 – 150 000 теңгеге таба аласыз. Негізі 3-4 адам болып тұрған әлдеқайда тиімді. Оны жаздың ортасынан бастап ойластыру қажет. Себебі қыркүйек айында үйдің бағалары шарықтап кетеді.

Депозит. Үйді жалға алар кезде, алдын-ала 260.000 теңгедей төлем жасайсыз. Егер сіз ол үйдің бір нәрсесін сындырып, не бүлдіріп алатын болсаңыз, сол ақшадан ұстап қалып отырады. Ал егер, үйді иесіне тапсырғанға дейін ештеңесін бұзбай, қалай берілді, дәл солай кері қайтарсаңыз, сізден бастапқыда алған ақшасын түгел қайтарып беретін болады.

Жол ақы. Мен мұнда трамваймен университетіме 20 минутта жетемін. Бұл транспорт үшін ай сайын 5.000 теңгедей төлеймін.

Сим карта. Мұнда ай сайынғы тариф жоқ. Мен 1 гб интернетті 2.600 теңгеге сатып аламын. Оның өзі қолдануыма байланысты азайып отырады.

Шопинг. Шынымды айтсам, киімге, сәнге, трендтегі киімдерге көп қызықпаймын, бірақ сонда да кейбір әдемі көйлектерді көріп қалсам, сатып аламын. Себебі бағалары жақсы, әрі сапалы болады. Мәселен, әдемі қызыл кофтамды 4000 – 5000 тг аралығында алсам, қызыл көйлегімді 12.000 теңгеге алдым.

Тамақ. Азық-түлік айтарлықтар қымбат емес, тек нан қымбаттау. Шамамен, 300 – 500 теңге. Негізі мен дұрыс тамақтануды ұстанамын, шектен тыс тәттілер, шай, май, шырын, чипсылар көп алмаймын. Бірақ нанды қымбат болғанына қарамастан аламын. Бастапкыда үй іздеп жүрген кездері амалсыздан кафелерде тамақтанғаным болмаса, осы уақытқа дейін арнайы сырттан тамақтанып көрмеппін.

 -Оқуға тапсыру процесіңізді толығырақ айтып өтсеңіз...

- Венгрия елінің жоғарғы оқу орындарына тапсыру – 6️ қадамнан тұрады.

1) Анкета толтыру. Сауалнаманы egov.kz. сайтынан Венгрия деп іздеп, тауып алсаңыз болады. Бұл анкетадан басқа медициналық тексерістерден өтуіңіз керек. (ВИЧ, СПИД, қанға байланысты).

2)Дипломдарды, сертификаттарды, барлық жетістіктеріңізді жинақтайсыз. IELTS сертификаты міндетті түрде болуы керек. Кемінде 5.5=В2. Бірақ кейбір факультеттерде 6-дан бастап сұрайды.

3️) Motivation letter, recommendation letters. 3 мұғалімнен өзіңіз жайлы пікір сұрап, оларды электронды түрде https://apply.stipendiumhungaricum.hu тіркейсіз. Негізі барлық құжаттар осы сайтқа тіркелуі тиіс. Толығырақ egov.kz сайтында...

4️) Жоғарыдағы құжаттардың барлығын бір портфолиоға жинақтап, Нұр-Сұлтан қаласындағы “Болашақ” бағдарламасының офисіне тапсырасыз. Яғни, үміткерлер саны 2-3 мың болса да ең әуелі Қазақстанның ішінен таңдалып, кейін Венгрияның оқу орындарына іріктеуден өткен 250 студенттің тізімі жіберіледі. Бұл ақпан айының ортасына немесе соңына дейін созылатын процестер.

Қазақстандағы іріктеуден өту үшін, “Болашақ” бағдарламасының координаторларымен өтетін интервьюді сәтті тапсыру шығу керек. Олар өтірік, сенімсіз сөйлеп жатқаныңызды бірден сезіп қоюы мүмкін. Сол үшін жалындап, оқуға деген мотивацияңызды айқын көрсетіңіз.

⠀5) Сәуірдің ортасынан бастап Венгрия университеттерінің координаторлары, профессорлары сізбен @gmail арқылы байланысып, онлайн тест алатын күнді белгілейді. Кейін тест тапсыратын күндер аяқталғасын, Скайп Интервью басталады. Мен тапсырып жаткан жылы кейбір үміткерлерде сұқбат ұзақтығы небәрі 2-3, 5 минутқа ғана созылған. Бірақ менің әңгімелесуім 18 минутқа созылды. Онда қандай сұрақтар қойылады? Бастапқыда оқушы туралы, яғни personal questions сұралады, кейін тест талдауыңыз мүмкін немесе қай пәнді таңдадыңыз, сол пәнге қатысты сұрақтар қойылады. Мысалы, мен биология факультетіне түсетін болғасын, биология және математика пәндерінен түрлі сұрақтарға жауап бердім. Егер жеткілікті жауап берсеңіз, дәл сол кезде сізге университет қабылданғаныңызды немесе қабылданбағаныңызды айтады. Бірақ...

6️) Бірақ бұл грантты ұтып алдым деген сөз емес. Нағыз шешетін адамдар Tempus Public Foundation деген ұйымда отыр. Міне, сол кісілерге жақсы, кабылданды дегер студенттер жіберіледі, олар аттестатты күтеді. Аттестатты жібергесін, олар сізге нақты жауабын айтады. Толық шешімін айтатын уақыт – маусым айының соңы немесе шілде айының бас жағы немесе ортасы болуы мүмкін.

Мен де жаз мезгілінің ортасына дейін өз жауабымды күттім. Кейін жауабы шыққасын, грантқа өткенімді біліп, қатты қуандым. Сонсоң, виза тапсыру үшін Алматыға жол жүріп кеттім. Виза бізге тегін болды. Ол дайын болғасын Будапештке ұшып, орналасып, оқуымды бастап кеттім.

 -Қазақстандағы білім беру жүйесінен айырмашылығы бар ма?

-Әрине, айтарлықтай айырмашылық өте көп. Білім жүйесі жақсы дамыған. Әрі, басқа пәндерге бас қатырмай, өз салаңның төңірегіндегі сабақтарды ғана оқытады. Елімізде оқитын сыныптастарым бар. Олар химия бағытында білім алса да мамандығына еш қатысы жоқ философия, психология және тағы да өзге біраз пәндерді оқиды. Ал біздің оқу орнында мұндай артық дәрістер енгізілмеген. Тек мамандығыңа қатысты пәндерді ғана талап етеді. Сонымен қатар, мұнда профессорлардың студенттермен қарым-қатынасы ерекше. Көп профессорлар студенттермен еркін қарым-қатынаста болуға тырысады. Студенттерге өзінің досындай қарайды. Дәрісті түсініп-түсінбегеніңді еркін айта аласың, әрі, дауыс көтеріп сөйлемейді. Өте әділ, барлығын уақытында істеуді талап етеді. Қабақ шытып, шаршап жүрмейді. Ылғи белсенді, жайдары қалыпта сабақ өткізеді. Шешуші экзаменді 3 рет тапсыруға мүмкіндігіңіз бар. 1-2 семестрда өтіп жатқанымыз, 11-12 сыныпта өткен тақырыптарымызға ұқсайды. Профессорлардың бізге дайындайтын күн сайынғы презентацияларының өзі түсінікті әрі жеңіл тілде жазылған. Ғылыми болғанымен, нақты әрі түсінікті жеткізеді. Естуімше, Қазақстандық жоғары оқу орындарында көптеген пәндер ғылыми болғаны үшін күрделі сөздермен жазылған. Меніңше, ондай пәндерді құр жаттап айтып бермесең, кейін миыңда қалады деп ойламаймын. Бастысы, жаттау емес, түсіну, кейін оны өміріңде іске асыру керек деп білемін. Сондай-ақ, мұнда «аға, көке», пара беріп, сабағыңды жаба салу деген тема атымен жоқ! Сіз таза біліміңізбен, тек өзіңіз үшін оқисыз.

 -Онлайн оқу жүйесі қаншалықты тиімді жүзеге асырылған?

-Онлайн сабақтар тікелей эфирде өтеді. Одан бөлек, тақырыпты тұтас қамтыған презентациялар жіберіп отырады. Соған дайындалып, уақтылы емтихан тапсырып отырамыз. Онлайн жүйе оффлайнға мүлде ұқсамайды, сәл қиындау. Көп күш жұмсауға тура келеді. Тек үйден шықпай, артық қозғалыссыз қалғанымыз болмаса, аса үлкен айырмашылық көріп тұрған жоқпын. Оқу жүйесу көңілімнен шығуда.

-Отандастарды қаншалықты көп кездестіресіз... Сізден өзге қазақстандық студенттер көп пе?

-Венгрияның әр қаласында қазақ студенттері өте көп. Әсіресе, мен тұрып жатқан Дебрецен қаласында. Бірақ менің мамандығымда оқитын қазақ студенттерін көптеп кездестірмегесін онша байқай қоймаймын. Тек биология бағытында оқитын 1-2 қызды танимын. Бірақ көп кезікпесек те мереке күндері жиналып, басқосулар өткізіп тұрамыз. Одан бөлек, пәтерде 4 қыз болып тұрамыз. Төртеуміз де қазақпыз. Үнемі өзіміздің дәстүрлі, үйреншікті тағамдарды пісіреміз. Ет асамыз, шелпек пісіреміз. Барлығын бірге ұйымшыл түрде істейміз. Өте көңілді тұрамыз.

 -Оқу мен жұмысты қатар алып жүруге уақыт бар ма?

-Өзге студенттерді білмедім. Бірақ өзіме, онлайн форматтың арқасында жұмысты да, сабақты да қатар алып жүруге үлкен мүмкіндік туды. Университетке барар болсақ, таңертеңгісін бір сабақ, түсте біреу, кешкісін тағы бір сабақ болар еді. Ол кезде студенттің графигі жұмыс істегуе сәл қолайсыздау болып қалады. Ал онлайн оқу арқылы таңертеңнен түскі уақытқа дейін сабағымды оқысам, кешке дейін жұмысыммен айналысамын. Оқушыларға онлайн түрде сабақ берем, speaking ұйымдастырып, тапсырмаларын қадағалап отырамын. Оқушылармен жұмыс істеген қатты ұнайды. Әрбір сабақ кері байланыспен, көңілді өтеді. Дегенмен, емтихан кезінде жұмыстарымды тоқтата тұруға тура келеді. Өйткені әрбір сабаққа фокус қойып дайындалу, өткен дәрістерді қайталау маңызды.

 -Оқу бітіргесін елге келіп жұмыс істейсіз бе?

-Әрине, елге келіп жұмыс істеймін. Өзімнен кейінгі іні-сіңілілеріме жол көрсетер маман болғым келеді. Алдағы уақытта өз мамандығым бойынша магистратураға тапсырып-тапсырмайтыным белгісіз. Бірақ елге барғасын, мұғалім болғым келетіні анық. Өзім қандай да бір тақырыпты жетік түсінгесін, оны өзгелермен бөліспей тұра алмайтын адаммын. Сол себепті, білгенімді оқушыларға үйретуден танбаймын. Әрі, мұғалімдікке, биологияға деген қызығушылығым күннен-күнге артып келеді.

 -Будапештте оқығысы келетін оқушыларға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

-Ең алдымен, білімге инвестиция жасасаңыздар екен деймін. Еш уақытта білімге ақша құюға қорықпаңыздар. Ынта қойып, өз-өздеріңізді қолға алып, оқыңыздар, тіл үйреніңіздер. Сол арқылы шет елдің кез келген оқу орнына сенімді түрде түсе аласыздар. Ағылшын меңгергесін, міндетті түрде IELTS-тан жоғары ұпай жинауларыңызды тілеймін. Тек қана биікке ұмтылыңыздар! Жақсы арман-мақсат қойып, соған сай әрекет етіңіздер дегім келеді.

 

Сұқбаттасқан: Ақмарал КАНАЛ,

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер
Редакция таңдауы

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=61&id=1339812
Пікірлер

Көрші сілтемелер